Қазақстан • 13 Қыркүйек, 2018

Солтүстік Қазақстанда  «Қазақтану» орталығы ашылды

370 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында достық үйінде «Қазақтану» орталығы құрылды.

Солтүстік Қазақстанда  «Қазақтану» орталығы ашылды

Бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан өңір этнос өкілдері арасында қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдени, тарихи, ұлттық құндылықтарын насихаттауды мақсат ететін орталық бес бағыт бойынша  жұмыс істейді. Кез келген тұрғын орталыққа келіп, түрлі жиын-басқосуларға, «дөңгелек үстел» отырыстарына қатысып, ұсыныс-пікірлері айта алады.  Мұнда  сонымен қатар ғылыми жұмыстар жүргізіліп, өзге де этномәдени орталықтармен бірлесіп  кешенді шаралар атқарылмақ. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимовтың айтуынша жобаның басты бағыты – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, келушілердің мемлекеттік тілді үйренуіне жағдай жасау.

Орталықтың атқаратын жұмысы көпшіліктің назарында болып, әр жыл сайын қорытындыланып отырады. Келешекте бірнеше үйірме ашылып, қолөнер шеберлерінің ұлттық бұйымдар жасаудың, ұлттық тағамдар әзірлеудің қыр-сырлары үйретіледі. Зиялы қауым өкілдері мен тарихшылар шақырылып, жастардың қатысуымен танымдық шаралар өткізіледі.

Орталықтың ашылу салтанатына жиналғандар қолөнер шеберлері жасаған бұйымдар мен ұлттық киімдер көрмесін қызыға тамашалады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы